Архив Новости - Mahambet-teatr.kz

МАХАМБЕТ ТЕАТРЫ – «ҮЗДІК АКТЕРЛІК АНСАМБЛЬ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ!

Қызылорда қаласында театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі өтті.

Өнер додасына қатысқан Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Фестиваль аясында Махамбет театры 23 қазан күні көрермен назарына А.В. Сухово-Кобылиннің «Іс №20/25» трагифарсын ұсынды.

Қоғамдағы әділетсіздік пен адам тағдырын арқау еткен қойылым өткір тақырыбымен, актерлердің шынайы әрі үйлесімді ойынымен және ерекше сахналық шешімдерімен көрермен ықыласына бөленді. Спектакль фестиваль қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болып, шығармашылық ұжымның кәсіби шеберлігі ерекше атап өтілді.

Қазақстанның әр өңірінен келген театр ұжымдарының басын қосқан республикалық фестиваль жаңа қойылымдарды таныстырумен қатар, театр мамандарының тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстарды нығайтуына және жаңа ізденістерге жол ашты.

Махамбет театрының республикалық деңгейдегі бұл жетістігі – театр ұжымының бірлескен еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жарқын нәтижесі.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымын «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен құттықтаймыз!

Өнер жолындағы ізденістеріңіз жемісті болып, биік белестер мен толағай табыстар жалғаса берсін!

Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өтті

Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған мәдени дода Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген 11 театр ұжымының басын қосып, көрерменге қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың шығармалары негізінде қойылған таңдаулы спектакльдерді ұсынды.

Фестивальдің салтанатты ашылуы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында өтті. Шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының төрайымы, драматургтің жары Сәуле Отарбаева қатысты.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешева, Қазақстанның халық әртісі Бақтияр Қожа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркебұлан Дайыров, Нұрнияз Мұқанов, Асхат Маемиров, Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Жұманиязов, сондай-ақ Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, актер әрі режиссер Бусурман Одуракаев болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Рахымжан Отарбаев шығармашылығының қазақ әдебиеті мен драматургиясындағы ерекше орнын атап өтті.

Рахымжан Отарбаевтың шығармаларында адам мен қоғам, ар мен жауапкершілік, уақыт пен өмір мәселелері терең көрініс тапқан. Сондықтан қаламгердің туған жерінде оның атындағы халықаралық фестивальдің өтуі айрықша мәнге ие. Сондай-ақ өңір басшысы Атырау театр өнерінің өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар екенін атап өтіп, фестивальдің мәдени кеңістікке жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Фестивальдің басты мақсаты – Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық театр өнерін дамыту, театр мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты арттыру.

12–16 қазан аралығында спектакльдер Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Атырау жастар театрының сахналарында көрсетілді. Қойылымдарды отандық және шетелдік театр өнері мамандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

Фестиваль бағдарламасы тек спектакль көрсетілімдерімен шектелмеді. Театр ұжымдары мен өнер өкілдерінің кездесулері, шеберлік сабақтары, ғылыми конференция және кәсіби пікірталастар ұйымдастырылды.

Әр қойылымнан кейін қазылар алқасы мен театр мамандары спектакльдерге кәсіби талдау жүргізіп, режиссерлік шешімдер, актерлік ойын, сценография және музыкалық безендіру мәселелері талқыланды.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Асхат Мұсағалиевтің айтуынша, мұндай кәсіби пікір алмасу театр мамандары үшін аса маңызды.

— Көрермен үшін спектакль соңғы шапалақпен аяқталғанымен, кәсіби талқылау шығармашылық жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. Режиссерлер мен актерлер үшін тәжірибелі сарапшылар мен сыншылардың пікірін есту – үлкен тәжірибе, — деді театр басшысы.

Фестиваль жеңімпаздары

III халықаралық театр фестивалінің Бас жүлдесін Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры «Құсалық» спектаклімен жеңіп алды.

Осы қойылымның режиссері, Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Мұханғали Томанов «Үздік режиссер» номинациясына ие болды.

I орын – Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрына Рахымжан Отарбаевтың «Түпсіз тереңдік» психологиялық драмасы үшін берілді.

II орын – Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының желісі бойынша сахналанған «Тұман» спектаклімен Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрына бұйырды.

III орын – Түркістан қаласындағы Р. Сейтметов атындағы музыкалық-драма театрына «Соңғы спектакль» комедиясы үшін табысталды.

Жеке номинациялар

«Үздік әйел рөлі» номинациясын Жамбыл облыстық орыс драма театрының актрисасы Арайлым Байбосын «Қытайдан келген сәлемдеме» спектакліндегі Әсемай рөлі үшін иеленді.

«Үздік сценография» номинациясы осы спектакльдің көркемдік безендірілуі үшін Рахат Сапаралиеваға берілді.

«Үздік ер адам рөлі» номинациясын Шымкент қалалық өзбек драма театрының актері Ұлықбек Насиров «Махаббат мұнарасы» драмасындағы Әмірші рөлі үшін жеңіп алды.

«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясына Қостанай облыстық Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының актері Дүйсен Қадырханов лайық деп танылды.

«Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясы Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актрисасы Жанар Ябаеваға «Қараша қаздар қайтқанда» драмасындағы Қыз рөлі үшін берілді.

Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының арнайы жүлдесін Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері Кенен Ақүрпеков «Құсалық» спектакліндегі Коко рөлі үшін иеленді.

Қордың тағы бір арнайы жүлдесі Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрына «Актриса» комедиясы үшін табысталды.

Ал Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы номинация Қырғызстанның К. Жантошев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық-драма театрына «Құмар азап» драмасы үшін берілді.

Фестиваль жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов мұндай мәдени жобалардың өңірдің театр өнерін дамытудағы маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, фестиваль Рахымжан Отарбаевтың әдеби мұрасын насихаттаумен қатар, театр мамандарының кәсіби пікір алмасуына, шығармашылық тәжірибе бөлісуіне және жаңа сахналық шешімдерді іздеуіне мүмкіндік береді.

Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі қатысушылар саны мен географиясымен ғана емес, кәсіби мазмұнымен де ерекшеленді. Бес күн бойы Атырау сахнасында түрлі театр мектептері мен шығармашылық бағыттар тоғысып, жаңа байланыстар орнады.

Фестиваль өнер ұжымдарына өз жұмыстарын халықаралық деңгейдегі мамандар назарына ұсынуға, кәсіби баға алуға, ал көрерменге Рахымжан Отарбаев шығармаларын түрлі режиссерлік көзқараста тамашалауға мүмкіндік берді.

Осылайша, Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі Атыраудың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде қорытындыланды.

Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өтеді

Құрметті Атырау қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

12–16 қазан аралығында Атырау қаласында қазақтың көрнекті жазушы-драматургы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Атырау қаласының құрметті азаматы» Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өтеді.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын айтулы өнер мерекесіне Қазақстанның 9 театр ұжымы, сондай-ақ Қырғызстан мен Қарақалпақстанның театрлары қатысады.

Бес күнге созылатын фестиваль барысында көрермендер түрлі жанрдағы қойылымдарды тамашалап, Рахымжан Отарбаев шығармаларындағы адам тағдыры, ұлттық болмыс, махаббат пен өмір құндылықтарын сахна тілі арқылы сезінуге мүмкіндік алады.

Фестиваль бағдарламасы

12 қазан

16:30 — Фестивальдің салтанатты ашылуы
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

18:00 — «Махаббат мұнарасы» драмасы
Қостанай облысы, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

13 қазан

11:00 — «Құсалық» драмасы
А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

15:00 — «Махаббат мұнарасы» драмасы
Шымкент қалалық өзбек драма театры
📍 Атырау жастар театрының сахнасы

19:00 — «Гостиницы из Китая» драмасы
Жамбыл облысы орыс драма театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

14 қазан

15:00 — «Соңғы спектакль» комедиясы
Р. Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры
📍 Атырау жастар театрының сахнасы

19:00 — «Тұман» драмасы
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

15 қазан

11:00 — «Қараша қаздар қайтқанда» драмасы
Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

15:00 — «Ақ мұнар» аңыз-афсанасы
Музыкалық жас көрермен театры
📍 Атырау жастар театрының сахнасы

19:00 — «Құмар азап» драмасы
Қ. Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

16 қазан

11:00 — «Түпсіз тереңдік» психологиялық драмасы
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры
📍 Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасы

15:00 — «Актриса» комедиясы
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры
📍 Атырау жастар театрының сахнасы

Театр мерекесіне бірге куә болайық!

Фестиваль бағдарламасы көрерменге әртүрлі театр мектептері мен шығармашылық бағыттарды бір сахналық кеңістікте тамашалауға мүмкіндік береді. Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген театр ұжымдарының қойылымдары Атырау көрерменіне бес күн бойы ерекше рухани әсер сыйламақ.

🎫 Қойылымдарға кіру тегін.

Баршаңызды Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестиваліне шақырамыз!

12–16 қазан | Атырау қаласы

Кездескенше, театр төрінде!

Қазан айының репертуары

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры қазан айында көрермендерін әсерлі қойылымдар мен сахнадағы ерекше кездесулерге шақырады!

Сахнадағы әр кештің өз көрермені, әр қойылымның өз хикаясы бар. Қазан айында сол хикаялардың біріне куә болып, театр әлемімен бірге сыр шертуге асығыңыз.

Өзіңізге ұнаған қойылымды таңдап, билетті алдын ала алып қойыңыз. Театр төрінде жүздескенше! 💚

🎟 Билет алу:
Билеттерді @atyrau_mahambet_teatry Instagram парақшасындағы сілтеме арқылы немесе +7 (775) 831-31-07 (Әлия) нөміріне хабарласып ала аласыз.

Кездесу орны – театр. Кездескенше! 🎭

Театрға жаңа басшы тағайындалды

Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры қызметіне Асхат Ерболатұлы Мусағалиев тағайындалды.

Асхат Мусағалиев – кәсіби сахнада 2015 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі актер. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма және кино актері», К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Музыкалық театр артисі» мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын Махамбет атындағы театрда бастаған Асхат Ерболатұлы 2023 жылдан бастап Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрында қызмет атқарды. Кәсіби қызметі барысында сахнада түрлі жанрдағы күрделі образдарды сомдап, мол шығармашылық тәжірибе жинақтады.

Асхат Мусағалиев – «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері, сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Жаңа басшыны жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып, Махамбет театрының шығармашылық ұжымына жаңа белестер, ал Асхат Ерболатұлына қызметінде толағай табыс, шығармашылық ізденіс пен сәттілік тілейміз!

Жаңа маусымның ашылуы

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында 89-театр маусымының шымылдығы тарихи тақырыпқа негізделген «Бейбарыс» әфсанасымен түрілді.

Тарихтың тағылымын сахна тілімен сөйлеткен қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлап, театрдың жаңа шығармашылық маусымына жол ашты. Бейбарыс сұлтанның тағдырын, тұлғалық болмысын және тарихи кезеңнің тынысын арқау еткен спектакль көрерменді өткенге көз жүгіртіп, ел тарихына жаңаша үңілуге жетеледі.

Жаңа маусым – театр ұжымы үшін тың ізденістер мен шығармашылық жаңалықтарға толы кезең. Алда көрерменді жаңа қойылымдар, жаңа кездесулер мен сахнадағы сан түрлі оқиғалар күтеді.

Махамбет театры 89-шы маусымын «Бейбарыспен» ашады

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа шығармашылық маусымын бастайды. Театр ұжымы 89-шы маусымның шымылдығын тарихи тақырыптағы «Бейбарыс» қойылымымен ашпақ.

Жаңа маусымның алғашқы премьерасы 3 қыркүйек күні сағат 19:00-де үлкен залда өтеді. Көрермен назарына Р. Отарбаевтың пьесасы негізінде сахналанған «Бейбарыс» спектаклі ұсынылады. Қоюшы режиссерлері – М. Томанов пен Ж. Телтаев.

Қойылымда Мысыр елін билеген әйгілі Бейбарыс сұлтанның тағдыры, тарихи тұлға ретіндегі болмысы мен күрделі өмір жолы сахналық тілмен көрініс табады.

Театрдың 89-шы маусымының алғашқы айы жанрлық әртүрлілігімен ерекшеленеді. Қыркүйек айында көрермен драма, комедия, мелодрама, психологиялық драма және балаларға арналған ертегілерді тамашалай алады.

  • 4 қыркүйек – Ә. Ахаттың «Махаббат рулеткасы» драмасы (реж. Ж. Телтаев)
  • 5 қыркүйек, 17:00 – «Алдамыс мектепке барады» ностальгиялық қойылымы (реж. Г. Қамысбаева)
  • 8 қыркүйек – «Махаббат қызық мол жылдар» драмасы (реж. Г. Қамысбаева)
  • 10 қыркүйек – «Бес бойдаққа бір той» комедиясы (реж. Г. Қамысбаева)

Қыркүйек репертуарында терең психологиялық және лирикалық қойылымдар да бар:

  • 11 қыркүйек – «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» (реж. Ж. Жұманбай)
  • 15 қыркүйек – «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасы (реж. Ж. Телтаев)
  • 19 қыркүйек – «Жоғалғандар» психологиялық драмасы (реж. Д. Базарқұлов)

Бұл спектакльдер көрерменді адам өміріндегі таңдау, махаббат, сағыныш және ішкі тартыс тақырыптарына жетелейді.

Театр жас көрермендерді де назардан тыс қалдырмайды.

  • 26 қыркүйек, 11:00 – «Винни және оның достары» ертегісі (реж. Ә. Серікбаев)

Балаларға арналған қойылымдар олардың қиялын дамытып, достық пен мейірімділік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Қыркүйек айының соңғы қойылымы 30 қыркүйек күні сағат 19:00-де өтеді. Көрермен назарына Ш. Айтматовтың әйгілі шығармасы негізінде сахналанған «Жәмила» драмасы ұсынылады. Қоюшы режиссер – М. Томанов.

Осылайша, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының 89-шы маусымы тарихи, әлеуметтік және психологиялық тақырыптарды қамтыған бай репертуармен басталмақ. Бір ай ішінде көрерменге 12-ге жуық қойылым ұсынылады.

Театр ұжымы барша өнерсүйер қауымды жаңа маусым спектакльдеріне шақырады.

«Қош бол, Қараой» реквиемімен 88-ші театр маусымы қорытындыланды

Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры шығармашылық ізденістер мен жарқын жетістіктерге толы 88-ші театр маусымын Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі желісімен сахналанған «Қош бол, Қараой» реквиемімен салтанатты түрде қорытындылады.

Театрдың рухани болмысын айқындайтын тағылымды туындылардың біріне айналған бұл қойылым көрерменді қазақтың қайсар перзенті, ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының өмірінің соңғы сәттеріне жетелейді. Спектакльде батырдың ерлігі ғана емес, оның жан дүниесі, жалғыздығы, ішкі арпалысы мен туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі терең психологиялық иірімдер арқылы көрініс табады.

Қараойға жалғыз аттанған Махамбеттің өткен өміріне көз жүгіртіп, күреске толы тағдырын, серігі Исатай Тайманұлымен бірге өткерген күндерін сағынышпен еске алуы, азаттық жолындағы арман-мұраты мен ұлт рухына деген адалдығы спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Елестер мен естеліктер арқылы өрбитін қойылым көрерменді терең толғанысқа жетелеп, ұлттық рухтың асқақтығын сезіндіреді.

Қойылымның режиссері – Мұқанғали Томанов. Махамбет бейнесін театр актері Мырзабек Макулов сомдаса, Исатай рөлін Бекет Зинуллин, хан Жәңгір хан бейнесін Ғазиз Сураппаев сахнада шеберлікпен орындады.

88-ші театр маусымы ұжым үшін шығармашылық жаңалықтар мен табыстарға толы кезең болды. Осы маусымда театр көрерменге түрлі жанрдағы бірқатар жаңа қойылымдарды ұсынды. Атап айтқанда, «Махаббат рулеткасы», «Бес бойдаққа бір той», жас көрермендерге арналған «Ақыл патшалығы», «Мама Роза», сондай-ақ Уильям Шекспирдің әйгілі «Асауға тұсау» комедиясының жаңа сахналық нұсқасы театр репертуарын толықтырды.

88-ші маусымның шымылдығы ұлттық рух пен тарихи тағылымды терең толғайтын «Қош бол, Қараой» реквиемімен жабылды. Бұл қойылым театрдың көркемдік ұстанымы мен шығармашылық бағытын айқындайтын маңызды туындылардың бірі ретінде көрермен жүрегінен ерекше орын алды.

Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры жаңа, 89-шы театр маусымында да көрермен қауымын жаңа премьералармен, тың шығармашылық жобалармен және мазмұнды қойылымдармен қуантуды жалғастырады.

Жаңа премьера!

Атырауда прокуратура органдарының құрметті қызметкері, прокуратура саласының ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Қадырғалиева Роза Мамышқызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Мама Роза» деректі драмасының жабық көрсетілімі өтті.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен тағылымды қойылым көрерменге заң мен әділдік жолында ғұмырын арнаған тұлғаның өмір жолын сахна тілі арқылы әсерлі жеткізді. Спектакльде Роза Мамышқызының прокуратура органдарындағы ұзақ жылғы қызметі, кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы мен адамгершілік болмысы кеңінен көрініс тапты.

Кеш барысында Мемлекет басшысы бекіткен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының қоғам қауіпсіздігі мен ел дамуы үшін маңызы ерекше екені айтылып, осы салаға саналы ғұмырын арнаған тұлғаның өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.

Қойылым аяқталғаннан кейін мерейтой иесін құттықтау рәсімі өтті. Ізгі тілектерін Атырау облысы прокурорының орынбасары Дархан Жылангөзов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Саян Меденов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мәлік Әбілхайыров, Әділет департаментінің басшысы Гүләнда Қыстаубаева, облыстық Адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Демесінов және прокуратура саласындағы шәкірттері атынан Мақсат Әзірбаев жеткізді.

Мерейтой аясында Роза Мамышқызына Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталып, есімінің «Қазақстанның алтын кітабына» енгізілгені атап өтілді. Сонымен қатар оған Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Алғыс хаты табыс етілді.

Шара соңында Роза Мамышқызы өзіне көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ оның тағылымды ғұмыры мен прокуратура саласындағы еселі еңбегін арқау еткен деректі фильмнің алдағы уақытта көрерменге жол тартатыны белгілі болды.

«Мама Роза» – бір адамның өмір жолын ғана емес, адалдықтың, әділеттің, табандылықтың және өмірлік ұстанымның құндылығын дәріптеген тағылымды туынды. Сахнадағы әрбір көрініс көрермен жүрегіне жол тауып, заң үстемдігі мен адамдық қасиеттің мәңгілік маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Атырау театры лудомания тақырыбындағы жаңа қойылымды ұсынды

14 маусым күні Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Әлішер Рахаттың «Махаббат рулеткасы» әлеуметтік драмасының премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Жанат Телтаев.

Қойылым қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – құмар ойынға тәуелділік (лудомания) тақырыбын арқау етеді. Шығарма өмірден алынған оқиға негізінде жазылған. Пьесадағы басты кейіпкер Мирас – ойынға тәуелділіктің салдарынан тағдыры тұйыққа тірелген жанның жиынтық бейнесі.

Оқиға барысында көрермен құмар ойынның адам өміріне, отбасы мен жақындарына тигізетін ауыр зардаптарына куә болады. Жеңіл жолмен ақша табуды көздеген Мирас өтірік пен алдаудың шырмауына түсіп, айналасындағы адамдардың сенімін пайдаланады. Бірінен соң бірі жасалған қателіктер мен заңсыз әрекеттер ақырында оны рухани әрі әлеуметтік тығырыққа әкеледі. Қойылым адам бойындағы әлсіздік, жауапкершілік, сенім мен сатқындық секілді ұғымдарды терең қозғай отырып, лудоманияның жеке адамға ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамға әсер ететін дерт екенін көрсетеді.

Қойылымда театрдың жас актерлері біртұтас әрі үйлесімді актерлік ансамбль қалыптастыра алған. Басты кейіпкер Мирас рөліндегі Мәди Маңғыстауов құмар ойынға тәуелді адамның ішкі күйзелісі мен жан арпалысын сенімді жеткізіп, кейіпкердің біртіндеп тұйыққа тірелу процесін нанымды көрсетті. Толғанай бейнесіндегі Ақбөбек Нәзенғалиева отбасының берекесін сақтап қалуға тырысқан әйелдің жан дүниесін әсерлі ашса, Жаннұр рөліндегі Бибінұр Камешова мен Дина образындағы Гүлзат Рысқали оқиға желісінің дамуына серпін беріп, кейіпкерлер мінезін шынайы бейнелей білді. Ринат рөліндегі Азамат Орынбаев та досына деген сенім мен көңіл күй өзгерістерін табиғи жеткізді. Ал Мирастың анасы бейнесін сомдаған ҚР Мәдениет қайраткері Сәуле Байменова аналық мейірім мен алаңдаушылықты терең сезіммен өрнектеп, қойылымның эмоциялық салмағын арттыра түсті. Жалпы, актерлік құрамның шынайы ойыны мен өзара сахналық үйлесімі қойылымның көркемдік қуатын күшейтіп, көрерменді оқиғаға еріксіз сендіре алды.

Режиссер Жанат Телтаев сахналық шешімдер арқылы шығарманың әлеуметтік маңызын айқындап, көрерменді бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойлануға жетелейді. Қойылым барысында LED экран мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылған. Әсіресе бейнепроекциялар мен экрандық шешімдер оқиғаның эмоционалдық әсерін күшейтіп, сахналық әрекетпен үйлесім тапқан.

Қойылымның ерекшеліктерінің бірі – заманауи технологиялардың қолданылуы болды. LED экранда көрсетілген бірқатар бейнематериалдар жасанды интеллект көмегімен әзірленген. Театр сахнасында жасанды интеллект технологияларын пайдалану қойылымның көркемдік шешімдерін толықтырып, кейіпкердің психологиялық күйін, оқиға динамикасын және драмалық атмосфераны тереңірек ашуға мүмкіндік берген. Бұл өз кезегінде көрерменнің шығарманы қабылдауына жаңа әсер сыйлап, қойылымның заманауи сипатын айқындай түсті.

Әсіресе қойылымның финалдық көрінісі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Кейіпкер тағдыры арқылы әрбір әрекеттің салдары болатыны көрсетіліп, көрерменді терең ойға жетелейді.

Қойылым «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық прокуратураның ұсынысымен сахналанып отыр.

Премьера соңында көрермендерге ерекше әсер қалдырған сәт орын алды. Сахнаға қойылымдағы басты кейіпкердің прототипі болған атыраулық Тимур Рамазанов көтерілді. Бүгінде ол лудоманиядан зардап шеккен азаматтарға психологиялық көмек көрсететін «Жаңа өмір» орталығын басқарады. Тимур Рамазанов өз сөзінде қиын кезеңдерде жанынан табылып, қолдау көрсеткен анасы мен туған әпкесіне алғыс білдірді.

Осылайша, «Махаббат рулеткасы» әлеуметтік драмасы көрерменге әсерлі сахналық туынды ұсынып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп, құмар ойынға тәуелділіктің адам тағдырына тигізетін зардаптарын көрсетті. Сонымен қатар спектакльде заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану театр өнерінің жаңа ізденістерге бет бұрғанын аңғартады.