Қызылорда қаласында театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі өтті.
Өнер додасына қатысқан Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Фестиваль аясында Махамбет театры 23 қазан күні көрермен назарына А.В. Сухово-Кобылиннің «Іс №20/25» трагифарсын ұсынды.
Қоғамдағы әділетсіздік пен адам тағдырын арқау еткен қойылым өткір тақырыбымен, актерлердің шынайы әрі үйлесімді ойынымен және ерекше сахналық шешімдерімен көрермен ықыласына бөленді. Спектакль фестиваль қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болып, шығармашылық ұжымның кәсіби шеберлігі ерекше атап өтілді.
Қазақстанның әр өңірінен келген театр ұжымдарының басын қосқан республикалық фестиваль жаңа қойылымдарды таныстырумен қатар, театр мамандарының тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстарды нығайтуына және жаңа ізденістерге жол ашты.
Махамбет театрының республикалық деңгейдегі бұл жетістігі – театр ұжымының бірлескен еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жарқын нәтижесі.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымын «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен құттықтаймыз!
Өнер жолындағы ізденістеріңіз жемісті болып, биік белестер мен толағай табыстар жалғаса берсін!