Театр тарихы - Mahambet-teatr.kz

Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының тарихы.

Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры – 1938 жылы 5 наурызда Халық Комиссариатының қаулысы негізінде құрылған. Гурьев қаласының “Нефтяник” клубының жанынан 1 жылдық театр студиясын бітірген (олардың ішінде Қуат Төлеков, Шашты Жұмабекова, Айтжан Есенбаев, Оңай Жақсыбаев, Құрманғали Доғалақов, Әбіл Қизатов, Мария Тұралиева, Балым Есенбаева, Қайыржан Имашев, Меңдеш Есенбаев және т.б. бар) және Қызылжар (Петропавловск) қаласындағы таратылған облыстық қазақ драма театрын Гурьев театрына қосты. Міне, сүйтіп, қала жұртшылығына тұңғыш сахна шымылдығы ашып Мұхтар Әуезовтің “Түнгі сарын” қойылымы қойылған. Бұдан кейін Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, М.Әуезовтың “Айман – Шолпан”, Мольердің “Сканеннің айласы”, Гогольдің “Ревизоры”, Гогольдің “Екі мырзаға бір қызметші” қойылымдарымен әртістерді көрерменге таныстырып олардың творчестволық бағыттары айқындала берді. Тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға кеткен (25) ерлердің орнын жоқтатпай Зарипа Сүлейменова, Алма Ахметова, Жамила Ибрагимовалар басқарған үш бригадаға бөлініп колхоз-совхоздармен аудан орталықтарында, мұнай промысылдарында, балықшылар алдында концерттер бұрынғы қойылған спектакльдерден үзінділер көрсетіп, халықтың рухын көтеріп отырды.

Соғыстың кейінгі жылдарында театр және драматургия сапасын жақсарту мен творчествалық мүмкіндіктерді көтеру мақсатында 1948 жылы Орал қаласындағы қазақтың музыкалық комедия театры Гурьевтіктерге келіп қосылды. Ол театрдан Т.Ерғалиев, Ш.Оразғалиев, А.Ақжарова, Қ.Жумаева, жас таланттар А.Айтқалиев, К.Иманғалиев, Ғ.Үмбетов театрдың бас режиссері Н.В.Молчанов т.б. қызметкерлер театр коллективімен бірігіп енді “Гурьев музыкалық драма театры” болып атанды. Бұл жылдардан бастап сахнада музыкалық драмалар, оперетталар қойыла бастады. М.Ақынжановтың “Алтын сахасы”, Гогольдің “Ревизоры”, Типоттың “Малиновкадағы той”, Ғ.Мүсіреповтың “Қыз Жібегі” мен “Ертарғыны” спектакльдері және “Роз Марии”, “Шалқыған теңіз” опереттасы болған.

Театр ұжымы өздерінің шеберліктерін арттыру жолында көп ізденіп, үйрену нәтижесінде елеулі табыстарға жетті. 1950-1960 жылдар аралығында қойылған “Абай”, “Үйлену”, “Амангелді”, “Асауға тұсау”, “Ыбырай Алтынсарин”, “Абай” пастановкалары актерлардың шеберліктерін меңгеруге көп септігін тигізді.

1956-1957 жылдар Алматыда өткен алғашқы Республикалық театр көктемінде Ташкент театр институтының түлегі, театрдың бас режиссері Т.Дүйсебаев қойған С.Мұқановтың “Ботагөзі” ҚазССР – нің мәдениет министірлігінің сыйлығын алды.

Астанаға көрсетуге Ә.Тәжібаевтың “Көңілдестер”, Б.Малиннің “Шұға, Б.Қорқытовтың “Асыл жандар”, М.Ақынжановтың “Исатай-Махамбет”, Шиллердің “Зұлымдық пен Махаббат” қойлымдарын көрушілер қауымы жылы қарсы алды. Әсіресе “Көңілдестер” (режиссері Қ.Доғалақов) қойлымы жоғары бағаланып, замандасымыздың бейнесін жасауы театрдың көрнекті табысы болды. Творчестволық ізденістің нәтижесінде Қ.Төлеков пен З.Сүлейменоваға Халық артісі, А.Ахметова, Ж.Манаповаға, Қ.Иманғалиеваға, Ы.Иманкуловтарға Республикаға еңбегі сіңген артистер деген құрметті атақ және бірінші дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Бір топ артистердің Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградталуы театрдың келбеті, творчестволық жолының дұрыс бағытпен келе жатқанын көрсетті.

       Театр өнеріне сіңірген көп жылғы өлшеусіз еңбектерінің, творчестволық ізденістің нәтижесінде Қ.Төлеков, А.Ахметова, Ж.Манапова, З.Сүлейменоваларға «Қазақстанның халық артисі» атағы, Қ.Доғалақов, О.Жақсыбаев, Ы.Иманқұлов, К.Иманалиева, Т.Қыдырғалиев, Ш.Кәрібаев, А.Сұлтанғалиев, С.Дүзбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген артистері» атағына ие болды. Олармен иық тірестіре еңбек еткен Ж.Ибрагимова, Ә.Айтқалиев, Т.Хасенов, Х.Болатов, Ш.Әбуұлы аға-апаларымыз соңдарына өшпес үлгі-өнеге, тағылым қалдырған нағыз театр тарландары бола білді.

       Театрда әр жылдары Ш.Гатаулин, А.И. Сусанов-Саянский, А.Есенбаев, Н.Л. Леготин, Р.М. Шарафутдинова, М.Қамбаров, Қ.Жетпісбаев, Мен Дон-Ук, Ш.Зұлқашев режиссерлік қызмет атқарды.     

1975 жылы театр жаңа үйге көшірілді. Бұл жаңа ғимарат өнер ұжымының творчестволық мүмкіндіктерін кеңейтті.

1994 жылы біздің театр коллективі өзінің творчестволық басымдылығымен Республикалық Жезқазған қаласында өткен С.Сейфуллиннің 100 жылдығына арналған театрлар сайысында жеңімпаз болды. Онда Қ.Мырзаәлиевтің “Жаралы жолбарыс” қойылымы І орын және Баймағамбет бейнесін сомдаған артист Т.Қуанышев «Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген артисі», қоюшы режиссері Ш.Кәрібаев «Махамбет атындағы сыйлықтың иегері» атанды және “Жаралы жолбарыс”  қойылымы Егепитің Мысыр қаласына жолдама алды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жылдығына арналған қазақстан театрларының ІХ фестивалінде, Алматы Петропавл қалаларынан өзіміздің облыс орталығында Мұнайдың 100 жылдығында бүкіл шет елдік қонақтарға сый ретінде қойылған Республика бойынша алғаш рет Р.Отарбаевтың “Бейбарыс” қойылымы (Режиссері Ч.Зұлқаш) театрлар арасында үлкен өнер табысы болды.

ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбет бабамыздың 200 жылдық тойына драматург С.Назарбекұлының “Махамбеттің бір күні” үлкен қойылым режиссері (Ч.Зұлқаш) табысты болды.

2008 жылы Қазақстан театрларының ХІV – Республикалық фестивалінде М.Әуезовтың «Қаракөз» драмасы режиссері Н.Жұманиязов, дипломант атанып, театр актеры Сәбит Қожабеков «2-пландағы ең үздік ер адам бейнесі» үшін дипломымен марапатталды.

2010 жылы Тараз қаласында өткен Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналған Республикалық театрлар фестивалінде Мұқанғали Томановтың «Сыйланбаған сезім» лирикалық мұңды қойылымымен  қатынасып «Көрермен көз айымы» жүлдесін жеңіп алды.

       Театрды әр жылдары Қаз ССР-інің халық артисі Қ.Төлеков отыз жылдың үстінде, ҚР мәдениет қайраткері, сазгер-күйші Н.Үлкенбаев, К.Өтегенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ш.Кәрібаев, М.Ғұмаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Р.Отарбаев, М.ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қ.Жылқышиев, режиссер-драматург А.Ихсан сынды т.б. көптеген елге танымал тұлғалар басқарды.                   

2012 жылы Орал қаласында өткізілген А.Мамбетовтың  80-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестиваліне Д.Патриктің «Қымбатты Памела» қойылымымен қатынасты.

2013 жылы Орал қаласында өткізілген Батыс аймақтық театрлар фестивалінде Ұ.Жөкенов, А.Ихсанов «Қарақшы малайлар» – драмасымен қатынасып,  театр актрисасы Л.Апанаева «Үздік дебют» атағымен марапатталды.

2015 жылы облысымызда өткізілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың  І Халықаралық театр фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасымен қатынасып  ІІ- орын жеңіп алды.

2016 жыл «Қазақстан  Республикасы Тәуелсіздігінің 25 Жылдығына» арналған Қазақстан драма театрларының ХХІV-Республикалық  фестиваліне Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасымен қатысып, қоюшы режиссер Қамысбаева Гүлназ «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың  ІІ – Халықаралық театр фестиваліне Р.Отарбаевтың «Двойник» комедиясымен қатысты.

2017 жыл Мемлекетік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын, драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) шығармаларын насихаттауға арналған «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты Республикалық театрлар фестиваліне И.Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпосымен қатынасып «Көрермен көз айымы» номинациясымен марапатталды. Бұл қойылым 2017 жылы Астанада өткен Халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында көрсетілді.

  2017 жылдың маусым айында РФ Крым республикасы, Керчь қаласында өткізілген ХІХ ежелгі өнер «Боспорские огоны» атты халықаралық театрлар фестиваліне Еврипидтің «Медея» трагедиясымен қатынасып «Современное прочтение античной темы» номинациясын иеленді.

2016 жылы Ақтөбеде өткен ХІV республикалық театрлар фестивалінде Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымымен режиссер Г.Қамысбаева «режиссерлік ізденісі үшін» номинациясына ие болды және осы қойылыммен 2017 жылы Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен – Жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық форум-фестиваліне қатысып, қоюшы режиссер Қамысбаева Гүлназ І-орынды иеленді.   

    

       2016 жылы  Астанада «Бейбарыс» баспасынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанованың авторлығымен «Атырау облыстық драма театры» деген атпен театрдың кешегісі мен бүгінгі тарихын түгел қамтыған театрдың төл кітабы 1000 данамен жарыққа шықты.

2017 жылы Астанада «Экспо-2017» көрмесінің аясында өткізілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXV республикалық фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» драмасымен қатынасып «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.

      2017 жылы театр Ресейге гастрольдік сапармен барып, Мәскеудің «Модерн» театрында Г.Пряхиннің «Тергеу» деректі драмасын қойды. Осы жылы Астана қаласында «Экспо-2017» Халықаралық көрмесіне халықтар достығын насихаттайтын екі үлкен қойылыммен, М.Отарбаевтың «Баянды бақ» және И.Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи эпосын үлкен құраммен барып сахналады.

       2017 жылдың 27 наурызында театр ішінен 70 орындық кіші зал толықтай жабдықталып, пайдалануға берілді. Бұл залда  репертуарлық, эксперименттік қойылымдар тұрақты қойылып, лабороториялық жұмыстар, сахна қозғалысы,  би сабақтары, дайындық жұмыстары жоспарға сай өтуі жолға қойылды.

        2017 жылдың 27 наурызында театр актрисасы Шынар Рамазанова Қазақстан Театрлар Ассоциациясының театр өнеріндегі актерлік шеберлігі үшін берілетін «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясымен марапатталды.

        2017 жылдың қараша айында М.Отарбаевтың «Баянды бақ» қойылымын Түркияның Афшин, Малатья қалаларында өнер көрсетті. Бұндай алыс-жақын елдерге гастролдік сапарларға шығу, фестивальдерге қатысу – театр  жұмысының жандануына, шығармашылық тұрғыда өсуіне, серпілуіне айқын жол ашты.

2018 жылы  театр басшысы Берік Қилекешұлы Джаменов Қазақстан Театрлар Ассоциациясының театр өнеріндегі ұйымдастырушылық жетістігі үшін берілетін «САХНАГЕР 2018» ұлттық театр сыйлығының «Ең Үздік Менеджер» номинациясын иеленді.

2018 жылы ақпан айында театрдың бас суретшісі, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Т.М.Мұхтаров «Суретші көзімен» атты театрландырылған инсталляциялық көрме өткізді.

2018 жылы театр актеры Мусагалиев Асхат Қазақстан Театрлар Ассоциациясының театр өнеріндегі актерлік шеберлігі үшін берілетін «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясымен марапатталды.

         Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 ақпандағы № 52 қаулысымен театрымызға Академиялық атақ беріліп, мекеме атауы Облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорныны болып өзгертілді.   

         2018 жылы театр Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымымен Германияның Кельн қаласына гастролдік сапармен барып қайтты.

         2018 жылы 16 желтоқсан – Қазақстан республикасының Тәуелсіздік күні
мерекесінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев 
Атырау облыстық Академиялық қазақ драма театрының басшысы 
Берік Қилекешұлы Джаменовке елбасы жарлығымен 5.ХІІ. 2018 жылы қол қойылған  «Құрмет орденін» табыстады.

      2019 жылы ақпан айында «НАСИХАТ» номинациясы бойынша Қазақстан Жарнама Ассоциациясының ұсынысымен Махамбеттің шығармашылығын насихаттаудағы ұйымдастырушылық жемісті еңбегі үшін,  Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Қилекешұлы Джаменов «Махамбет атындағы сыйлықтың иегері» сыйлығымен марапатталды.

       2019 жылы 27 наурыз Халықаралық театр күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының абызы, ардагер режиссер Ч.Зұлқаш пен театрдың бас режиссері  М.Томанов «Махамбет атындағы сыйлықтың иегері»  атанды.

       2019 жылғы қараша айында Р.Отарбаев атындағы ІІ республикалық театрлар фестивалінде театр Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» атты шерлі қойылымымен қатысып,  Бас жүлде – Гран При иеленді.

Қазақстан республикасы президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылдың 19 қарашасындағы жарлығымен театр актеры Сабит Қожабековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

      2019 жылдың 17 желтоқсанында театр актері Нұрбек Съезхан Қазақстан Театрлар Ассоциациясының театр өнеріндегі актерлік шеберлігі үшін берілетін «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясымен марапатталды.

Атырау қаласы әкімдігінің 2019 жылғы «Жыл адамы-2019»  жыл қорытындысы бойыншы, Мәдениет саласын дамытудағы ерен еңбегі мен шығармашылық жетістіктері үшін театр режиссері Телтаев Жанат Бақытұлы «жылдың мәдениет қызметкері» номинациясымен марапатталды.