1. Қойылымға уақытынан бұрын, не кешікпей келіңіз. Егер жағдайыңыз келіп жатса, билетті алдын ала сатып алғаныңыз дұрыс. Театрға спорт киімімен немесе жұмыс киімімен келуге болмайды. Әйелдер үлкен шаш үлгісімен келмегені дұрыс, онысымен артқы жақта отырған көрермендерге кедергі келтіреді. Иісі өткір иіс суларды сеуіп келуден қашыңыз.
2. Сыртқы ортада болған жағдайлардан туындағын түрлі эмоцияларды мұнда көрсетудің қажеті жоқ. Сіздің театрға келгендегі мақсатыңыз – рухани ләззат алып, жаныңызды жайландыру. Сондықтан ашу мен реніш жан-жақтан қолқалап бара жатса да, оны ішіңізде жасырыңыз, не ол жайында ұмытыңыз. Әйтпесе, сіздің эмоцияңыз жаныңызда отырған көрерменге де әсер етуі әбден мүмкін. Ауырып жүрген болсаңыз, театрға келмегеніңіз дұрыс.
3. Билетте көрсетілген орынға отырыңыз. Өз билетіңізде көрсетілген орынға жайғасып алсаңыз, сізді ешкім де мазаламайды. Ал өзгенің орнына отырып қалсаңыз, түсініспеушілік туындап қалары сөзсіз. Өзгеге тиесілі орынға тек театр қызметшілері рұқсат бергенде ғана отырғаныңыз жөн. Орныңызға өтерде көрермендерге бетіңізді бері қаратып өтіңіз. Театрға 7 жасқа дейінгі баламен келуге болмайды.
4. Қойылым басталар алдында ұялы телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз, не сөндіріп тастаңыз. Сырттан келген қоңырау сізді ғана емес, қасыңызда отырған көрермендерді де мазалайды. Одан қала берсе, сахнада өрбіп жатқан көрініске де айтарлықтай кедергі жасайды.
5. Қойылым басталысымен-ақ, басқа шаруаның бәрін доғарыңыз. Досыңызбен сөйлесуді, не жаңа таныстықты, бәрін-бәрін доғарыңыз. Өйткені сіз үшін киелі сахнаның саңлақтары барын салып өнер көрсетпек.
6. Күлкілі көрініс болмаса, қатты дауыс шығарып күлмеңіз. Қойылым жайында сыныңыз бен пікіріңізді қойылым аяқталған соң немесе антракт кезінде айтуыңызға болады. Қойылым көңіліңізден шықпай жатқанның өзінде көрермендер залынан шығып кетуге асықпаңыз. Соңын күтіңіз!
7. Театр қызметшілерімен сөзге келудің керегі жоқ. Олар барынша залдағы тыныштық үшін қызмет етеді. Егер қызметші сізге қайта-қайта ескерту айта берсе, демек сіз театр мәдениетін бұзып отырсыз.
8. Қойылым біткен соң, көрермендермен бірге тұрып, қошемет көрсетіңіз. Әртістің қуанышы – халқының қошеметіне бөлену. Ендеше сіз үшін саф таза өнерін паш еткен сахна еркелерін қошеметке бөлеңіз.
9. Егер, гүл сыйлар болсаңыз, әртістер көрермендерге иілуге шыққанда ғана табыстаңыз. Сүйікті әртісіңізбен фотоғо түскіңіз келсе фоеге шыққанын күткеніңіз жөн. Сахнаға фотоғо түсу үшін шығуға болмайды.