Премьера - Mahambet-teatr.kz
19/11/2026

Премьера

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Патша көңілім…» шығармасы негізінде сахналанған комедиялық қойылымның премьерасы өтті.

17–20 қараша аралығында көрермен назарына ұсынылған спектакль ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, туған үйдің қадірі мен перзенттік парыз тақырыптарын арқау етеді.

Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Спектакльді сахналау үшін Астанадан арнайы келген режиссер көрерменге күлкі мен ойды қатар ұштастырған мазмұнды туынды ұсынды.

Шығарма желісі бойынша балаларының басын бір шаңырақ астына жинауды армандаған Әбдірәсіл қария тосын қадамға барады. Қалаға қоныс аударып, өз тіршілігімен кеткен төрт ұлы мен жалғыз қызын ауылға қайтару үшін өзінің қайтыс болғаны туралы жалған хабар таратады. Суық хабарды естіген балалары қара шаңыраққа асыға жеткенде, бір үйдің ішінде күтпеген әрі күлкілі оқиғалар өрбиді.

Комедиялық қойылым көрерменді күлдіре отырып, терең ойға жетелейді. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – ата-ананың қадірін білу, қарттардың көңіліне қарау, туған жер мен қара шаңыраққа деген құрмет спектакльдің негізгі идеясына айналған.

«Әр баланың орны бөлек екені айтылады. Біз осы ойды көрерменге жеткізуді мақсат еттік. Жылай отырып күлуге де болады, күле отырып жылауға да болады. Бұл – терең мағынасы бар шығарма», – дейді спектакль актері Нұрбек Съезхан.

«Патша көңілім…» – жай ғана көңіл көтеретін комедия емес, әр көрерменге өз ата-анасын, туған үйін еске салып, жақындарына көңіл бөлудің маңызын ұғындыратын тағылымды туынды.

Спектакль туралы ақпарат:

  • Автор: Қуаныш Жиенбай
  • Жанры: Комедия
  • Қоюшы режиссер: Нұрлан Жұманиязов
  • Суретші: Т. Қоесов
  • Қоюшы театр: Облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры
  • Ұзақтығы: 1 сағат 20 минут