Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған мәдени дода Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген 11 театр ұжымының басын қосып, көрерменге қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың шығармалары негізінде қойылған таңдаулы спектакльдерді ұсынды.
Фестивальдің салтанатты ашылуы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында өтті. Шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының төрайымы, драматургтің жары Сәуле Отарбаева қатысты.
Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешева, Қазақстанның халық әртісі Бақтияр Қожа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркебұлан Дайыров, Нұрнияз Мұқанов, Асхат Маемиров, Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Жұманиязов, сондай-ақ Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, актер әрі режиссер Бусурман Одуракаев болды.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Рахымжан Отарбаев шығармашылығының қазақ әдебиеті мен драматургиясындағы ерекше орнын атап өтті.
Рахымжан Отарбаевтың шығармаларында адам мен қоғам, ар мен жауапкершілік, уақыт пен өмір мәселелері терең көрініс тапқан. Сондықтан қаламгердің туған жерінде оның атындағы халықаралық фестивальдің өтуі айрықша мәнге ие. Сондай-ақ өңір басшысы Атырау театр өнерінің өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар екенін атап өтіп, фестивальдің мәдени кеңістікке жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Фестивальдің басты мақсаты – Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық театр өнерін дамыту, театр мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты арттыру.
12–16 қазан аралығында спектакльдер Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Атырау жастар театрының сахналарында көрсетілді. Қойылымдарды отандық және шетелдік театр өнері мамандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль бағдарламасы тек спектакль көрсетілімдерімен шектелмеді. Театр ұжымдары мен өнер өкілдерінің кездесулері, шеберлік сабақтары, ғылыми конференция және кәсіби пікірталастар ұйымдастырылды.
Әр қойылымнан кейін қазылар алқасы мен театр мамандары спектакльдерге кәсіби талдау жүргізіп, режиссерлік шешімдер, актерлік ойын, сценография және музыкалық безендіру мәселелері талқыланды.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Асхат Мұсағалиевтің айтуынша, мұндай кәсіби пікір алмасу театр мамандары үшін аса маңызды.
— Көрермен үшін спектакль соңғы шапалақпен аяқталғанымен, кәсіби талқылау шығармашылық жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. Режиссерлер мен актерлер үшін тәжірибелі сарапшылар мен сыншылардың пікірін есту – үлкен тәжірибе, — деді театр басшысы.
III халықаралық театр фестивалінің Бас жүлдесін Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры «Құсалық» спектаклімен жеңіп алды.
Осы қойылымның режиссері, Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Мұханғали Томанов «Үздік режиссер» номинациясына ие болды.
I орын – Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрына Рахымжан Отарбаевтың «Түпсіз тереңдік» психологиялық драмасы үшін берілді.
II орын – Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының желісі бойынша сахналанған «Тұман» спектаклімен Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрына бұйырды.
III орын – Түркістан қаласындағы Р. Сейтметов атындағы музыкалық-драма театрына «Соңғы спектакль» комедиясы үшін табысталды.
«Үздік әйел рөлі» номинациясын Жамбыл облыстық орыс драма театрының актрисасы Арайлым Байбосын «Қытайдан келген сәлемдеме» спектакліндегі Әсемай рөлі үшін иеленді.
«Үздік сценография» номинациясы осы спектакльдің көркемдік безендірілуі үшін Рахат Сапаралиеваға берілді.
«Үздік ер адам рөлі» номинациясын Шымкент қалалық өзбек драма театрының актері Ұлықбек Насиров «Махаббат мұнарасы» драмасындағы Әмірші рөлі үшін жеңіп алды.
«Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясына Қостанай облыстық Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының актері Дүйсен Қадырханов лайық деп танылды.
«Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясы Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актрисасы Жанар Ябаеваға «Қараша қаздар қайтқанда» драмасындағы Қыз рөлі үшін берілді.
Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының арнайы жүлдесін Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері Кенен Ақүрпеков «Құсалық» спектакліндегі Коко рөлі үшін иеленді.
Қордың тағы бір арнайы жүлдесі Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрына «Актриса» комедиясы үшін табысталды.
Ал Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы номинация Қырғызстанның К. Жантошев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық-драма театрына «Құмар азап» драмасы үшін берілді.
Фестиваль жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов мұндай мәдени жобалардың өңірдің театр өнерін дамытудағы маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, фестиваль Рахымжан Отарбаевтың әдеби мұрасын насихаттаумен қатар, театр мамандарының кәсіби пікір алмасуына, шығармашылық тәжірибе бөлісуіне және жаңа сахналық шешімдерді іздеуіне мүмкіндік береді.
Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі қатысушылар саны мен географиясымен ғана емес, кәсіби мазмұнымен де ерекшеленді. Бес күн бойы Атырау сахнасында түрлі театр мектептері мен шығармашылық бағыттар тоғысып, жаңа байланыстар орнады.
Фестиваль өнер ұжымдарына өз жұмыстарын халықаралық деңгейдегі мамандар назарына ұсынуға, кәсіби баға алуға, ал көрерменге Рахымжан Отарбаев шығармаларын түрлі режиссерлік көзқараста тамашалауға мүмкіндік берді.
Осылайша, Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі Атыраудың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде қорытындыланды.