Махамбет театры 89-шы маусымын «Бейбарыспен» ашады - Mahambet-teatr.kz
12/08/2026

Махамбет театры 89-шы маусымын «Бейбарыспен» ашады

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа шығармашылық маусымын бастайды. Театр ұжымы 89-шы маусымның шымылдығын тарихи тақырыптағы «Бейбарыс» қойылымымен ашпақ.

Жаңа маусымның алғашқы премьерасы 3 қыркүйек күні сағат 19:00-де үлкен залда өтеді. Көрермен назарына Р. Отарбаевтың пьесасы негізінде сахналанған «Бейбарыс» спектаклі ұсынылады. Қоюшы режиссерлері – М. Томанов пен Ж. Телтаев.

Қойылымда Мысыр елін билеген әйгілі Бейбарыс сұлтанның тағдыры, тарихи тұлға ретіндегі болмысы мен күрделі өмір жолы сахналық тілмен көрініс табады.

Театрдың 89-шы маусымының алғашқы айы жанрлық әртүрлілігімен ерекшеленеді. Қыркүйек айында көрермен драма, комедия, мелодрама, психологиялық драма және балаларға арналған ертегілерді тамашалай алады.

  • 4 қыркүйек – Ә. Ахаттың «Махаббат рулеткасы» драмасы (реж. Ж. Телтаев)
  • 5 қыркүйек, 17:00 – «Алдамыс мектепке барады» ностальгиялық қойылымы (реж. Г. Қамысбаева)
  • 8 қыркүйек – «Махаббат қызық мол жылдар» драмасы (реж. Г. Қамысбаева)
  • 10 қыркүйек – «Бес бойдаққа бір той» комедиясы (реж. Г. Қамысбаева)

Қыркүйек репертуарында терең психологиялық және лирикалық қойылымдар да бар:

  • 11 қыркүйек – «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» (реж. Ж. Жұманбай)
  • 15 қыркүйек – «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасы (реж. Ж. Телтаев)
  • 19 қыркүйек – «Жоғалғандар» психологиялық драмасы (реж. Д. Базарқұлов)

Бұл спектакльдер көрерменді адам өміріндегі таңдау, махаббат, сағыныш және ішкі тартыс тақырыптарына жетелейді.

Театр жас көрермендерді де назардан тыс қалдырмайды.

  • 26 қыркүйек, 11:00 – «Винни және оның достары» ертегісі (реж. Ә. Серікбаев)

Балаларға арналған қойылымдар олардың қиялын дамытып, достық пен мейірімділік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Қыркүйек айының соңғы қойылымы 30 қыркүйек күні сағат 19:00-де өтеді. Көрермен назарына Ш. Айтматовтың әйгілі шығармасы негізінде сахналанған «Жәмила» драмасы ұсынылады. Қоюшы режиссер – М. Томанов.

Осылайша, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының 89-шы маусымы тарихи, әлеуметтік және психологиялық тақырыптарды қамтыған бай репертуармен басталмақ. Бір ай ішінде көрерменге 12-ге жуық қойылым ұсынылады.

Театр ұжымы барша өнерсүйер қауымды жаңа маусым спектакльдеріне шақырады.