Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры шығармашылық ізденістер мен жарқын жетістіктерге толы 88-ші театр маусымын Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі желісімен сахналанған «Қош бол, Қараой» реквиемімен салтанатты түрде қорытындылады.
Театрдың рухани болмысын айқындайтын тағылымды туындылардың біріне айналған бұл қойылым көрерменді қазақтың қайсар перзенті, ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының өмірінің соңғы сәттеріне жетелейді. Спектакльде батырдың ерлігі ғана емес, оның жан дүниесі, жалғыздығы, ішкі арпалысы мен туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі терең психологиялық иірімдер арқылы көрініс табады.
Қараойға жалғыз аттанған Махамбеттің өткен өміріне көз жүгіртіп, күреске толы тағдырын, серігі Исатай Тайманұлымен бірге өткерген күндерін сағынышпен еске алуы, азаттық жолындағы арман-мұраты мен ұлт рухына деген адалдығы спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Елестер мен естеліктер арқылы өрбитін қойылым көрерменді терең толғанысқа жетелеп, ұлттық рухтың асқақтығын сезіндіреді.
Қойылымның режиссері – Мұқанғали Томанов. Махамбет бейнесін театр актері Мырзабек Макулов сомдаса, Исатай рөлін Бекет Зинуллин, хан Жәңгір хан бейнесін Ғазиз Сураппаев сахнада шеберлікпен орындады.
88-ші театр маусымы ұжым үшін шығармашылық жаңалықтар мен табыстарға толы кезең болды. Осы маусымда театр көрерменге түрлі жанрдағы бірқатар жаңа қойылымдарды ұсынды. Атап айтқанда, «Махаббат рулеткасы», «Бес бойдаққа бір той», жас көрермендерге арналған «Ақыл патшалығы», «Мама Роза», сондай-ақ Уильям Шекспирдің әйгілі «Асауға тұсау» комедиясының жаңа сахналық нұсқасы театр репертуарын толықтырды.
88-ші маусымның шымылдығы ұлттық рух пен тарихи тағылымды терең толғайтын «Қош бол, Қараой» реквиемімен жабылды. Бұл қойылым театрдың көркемдік ұстанымы мен шығармашылық бағытын айқындайтын маңызды туындылардың бірі ретінде көрермен жүрегінен ерекше орын алды.
Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры жаңа, 89-шы театр маусымында да көрермен қауымын жаңа премьералармен, тың шығармашылық жобалармен және мазмұнды қойылымдармен қуантуды жалғастырады.