Атырауда прокуратура органдарының құрметті қызметкері, прокуратура саласының ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Қадырғалиева Роза Мамышқызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Мама Роза» деректі драмасының жабық көрсетілімі өтті.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен тағылымды қойылым көрерменге заң мен әділдік жолында ғұмырын арнаған тұлғаның өмір жолын сахна тілі арқылы әсерлі жеткізді. Спектакльде Роза Мамышқызының прокуратура органдарындағы ұзақ жылғы қызметі, кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы мен адамгершілік болмысы кеңінен көрініс тапты.
Кеш барысында Мемлекет басшысы бекіткен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының қоғам қауіпсіздігі мен ел дамуы үшін маңызы ерекше екені айтылып, осы салаға саналы ғұмырын арнаған тұлғаның өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.
Қойылым аяқталғаннан кейін мерейтой иесін құттықтау рәсімі өтті. Ізгі тілектерін Атырау облысы прокурорының орынбасары Дархан Жылангөзов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Саян Меденов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мәлік Әбілхайыров, Әділет департаментінің басшысы Гүләнда Қыстаубаева, облыстық Адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Демесінов және прокуратура саласындағы шәкірттері атынан Мақсат Әзірбаев жеткізді.
Мерейтой аясында Роза Мамышқызына Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталып, есімінің «Қазақстанның алтын кітабына» енгізілгені атап өтілді. Сонымен қатар оған Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Алғыс хаты табыс етілді.
Шара соңында Роза Мамышқызы өзіне көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ оның тағылымды ғұмыры мен прокуратура саласындағы еселі еңбегін арқау еткен деректі фильмнің алдағы уақытта көрерменге жол тартатыны белгілі болды.
«Мама Роза» – бір адамның өмір жолын ғана емес, адалдықтың, әділеттің, табандылықтың және өмірлік ұстанымның құндылығын дәріптеген тағылымды туынды. Сахнадағы әрбір көрініс көрермен жүрегіне жол тауып, заң үстемдігі мен адамдық қасиеттің мәңгілік маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.