"Бейбарыс" қойылымы - Мысыр төрінде... - Mahambet-teatr.kz
11/10/2023

«Бейбарыс» қойылымы – Мысыр төрінде…

Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы аясында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Мысыр елінің астанасы Каир қаласына гастрольдік іс-сапармен барып келді. Атырау облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-сапар барысында арнайы делегация құрылып, оны облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бастап барды. Каир қаласының
«CAIRO OPERA HOUSE» театрында көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың “Бейбарыс” әфсанасы сахналанды. Қойылымды тамашалауға Каир губернаторы Кальюбии, опера театрының басшысы Халед Дагер, жергілікті белгілі генерал Абдулхамид Әл Хагтан және Қазақстан республикасының Мысыр Араб Респуликасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф қатысты. Қыпшақ даласынан құлдыққа сатылып, кейін мәмлүктер мемлекетінің төртінші сұлтаны болып 17 жыл билік құрған ұлы тұлғаның қарама-қайшылыққа, күреске толы тағдырын, туған жерін, жусан иісін аңсаған ұлы сағынышын сипаттайтын қойылымды – Каир көрермендері зор ықыласпен көріп, жылы лебіздерін білдірді. Театр ұжымы бабамыздың жүріп өткен жерінде, Каирдің төрінде қазақ тілінің үнін, домбыраның әуезін естіртіп, сұлтанның өзі салдырған мешітте дұға етіп, елге оралды. Осы орайда, осындай тарихи іс-сапарға шығуға қолдау көрсеткен Атырау облысы әкімі Серік Жамбылұлына ұжым атынан ризашылық білдіреміз.