Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымы Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында өткен Брянцев атындағы жас көрермендер театрының ХХV фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп қайтты. Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың әйгілі «Жалғыздық» шері орыс сахнасында көрермендерді керемет әсерге бөледі. Әлемнің әр тарапынан келген түрлі ұлт өкілдері, орыстың зиялы қауымы, театр сыншылары ризашылық білдіріп, таңданыстарын жасырмай, режиссердің шеберлігіне тәнті болды. Атап айтқанда, театр сыншысы Воронов Александр, профессор, театр қайраткері, драматург Талал Дарджани, Ұлттық театр сыйлығы және «Золотая маска» фестивалінің сараптамалық кеңесінің бірнеше мәрте мүшесі Вислов Александр және Алжир мемлекеттік театрының директоры Джамил Гуэрми арнайы пікірлерін білдіріп, актерлық құрамның (мектептің) шеберлігін, жалпы деңгейдің биіктігін айтып, қойылымының жетістігімен құттықтады. Спектакльде синхронды аударма болса да, көпшілік қойылымды тілсіз түсінгендерін айтты. Әлемнің 24 елінен келген театрлар арасында бәсіміз биік болып, фестивальді сәтті аяқтадық.
Cоңғы жаңалықтар