"Хиуаз" деректі драмасы - Mahambet-teatr.kz
16/05/2022

«Хиуаз» деректі драмасы

Еліміздегі батыс өңірі қазаққа батыр қыздарды сыйлаған мекен. Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк, қазақтың жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова еліміздің батыс аймағынан қанат қаққан. Әлия мен Мәншүктің есімдері бүгінде әр қазақтың жадында сақтаулы. Ал, Хиуаз апамыздың ерлігін екінің бірі біле бермейді. Оған себеп, ұшқыш қыздың уақытында Кеңес Одағының батыры деген атаққа қол жеткізе алмауы.

Соғыс кезеңінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған. Жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Алайда, қазақтың жалғыз қызының есімі марпаттау кезінде аталмапты. Жауынгер жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов Хиуазға қатысты осы бір мәселені өз уақытында сауатты көтере білді. «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ…» – деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды…
Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай 15 мамыр күні Атырау жұртышылығы қанатты қызы Хиуазының 100 жылдығын тойлады. Қаһарман ұшқыш – құм перзенті… Табиғаты тосын, бірбеткей… Тағдыры тауқыметті… Темір жүйе тұншықтырмақ болған тік мінез… Омыртқасыздар жайлаған ортаға бейімделе алмаған рәсуа ғұмыр….
Туған жері оның рухына құрмет көрсетті. Бірнеше күнге созылған іс-шаралар Махамбет атындағы академиялық театры сахналаған «Хиуаз» драмасымен қортындыланды.