Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясының премьерасы аншлагпен өтіп, театрсүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады. Көптен күткен қойылым көрерменді күлкіге бөлеп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы әзіл мен терең ой арқылы шебер жеткізе білді.
Қойылым желісі бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бес бойдақтың әкелері Қырманбай қарияны үйлендіруге әрекет жасауынан өрбиді. Әке мен балалар арасындағы шынайы диалогтар, күнделікті өмірге жақын көріністер мен күлкілі жағдайлар көрерменді бірден баурап алып, спектакльдің атмосферасын ерекше жандандыра түсті.
Сахналық туындыда отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, махаббат пен өзара түсіністік секілді маңызды тақырыптар кеңінен көрініс тапқан. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен ішкі болмысы табиғи ашылып, қарапайым отбасылық жағдайлар жеңіл юмор арқылы әсерлі жеткізілді. Бұл өз кезегінде көрерменге ой салып, қойылымның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Қойылымдағы басты кейіпкер Қырманбайдың рөлін театр және кино актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, театрдың жетекші әртісі Сәбит Қожабеков сомдады. Тәжірибелі актер кейіпкердің ішкі болмысын терең ашып, сахнадағы шынайы әрі табиғи ойынымен көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Сонымен қатар спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, театрдың жетекші әртісі Махаббат Рақшанинева өнер көрсетіп, қойылымның көркемдік деңгейін одан әрі биіктете түсті. Сахна саңлағының шеберлігі мен сахнадағы харизмасы көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды.
Премьера соңында көрермен қауым актерлердің шынайы ойыны мен режиссерлік шешімдерге жоғары баға беріп, ұзақ уақыт бойы ыстық ықыласпен қол соқты. «Бес бойдаққа бір той» комедиясы театр репертуарындағы көрермен көңілінен шыққан жарқын қойылымдардың біріне айналып, ұлттық юмор мен отбасылық құндылықтарды дәріптеген әсерлі туынды ретінде есте қалды.
Cоңғы жаңалықтар