10 желтоқсан күні көптен күткен «Үзілген үміт» драмалық қойылымының премьерасы сәтті өтті. Терең психологиялық мазмұнға құрылған қойылым көрермен тарапынан ерекше қызығушылық тудырып, залды толтырған көрерменге үлкен әсер қалдырды.
Қойылымда ана болуды армандаған Толқынның тағдыры арқылы әйел жанындағы нәзік сезімдер, сатқындық пен сенімнің күйреуі шынайы бейнеленді. Жарынан ғана емес, ең жақын құрбысынан соққы алған басты кейіпкердің ішкі жан айқайы көрерменді бейжай қалдырмай, адамгершілік пен адалдық туралы терең ойға жетеледі.
Режиссер Ақылбек Хамитовтің сахналық шешімі мен қойылым ырғағы оқиғаның драмалық салмағын күшейтсе, суретші Айдана Жаңбырбайдың көркемдік безендіруі спектакльдің атмосферасын тереңдете түсті. Әр көрініс көрерменді кейіпкерлердің жан дүниесіне жақындатып, эмоциялық әсерін арттырды.
Басты рөлдердегі актерлер өз кейіпкерлерін шынайы әрі сенімді сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Алтынгүл Еділбай (Толқын), Дарина Марат (Ажар), Рахман Ғабитұлы (Болат) және Бекасыл Арманұлы (Дәрігер) орындауындағы образдар қойылымның негізгі идеясын толық ашуға мүмкіндік берді.
«Үзілген үміт» премьерасы көрерменге терең ой салып, өмірдегі сенім, үміт және тағдыр тақырыптарын қайта бағамдауға шақырған маңызды мәдени оқиға болды.
Cоңғы жаңалықтар