Атырауда Амал мерекесі тойланды - Mahambet-teatr.kz
14/03/2023

Атырауда Амал мерекесі тойланды

14 наурыз — Көрісу күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры алаңында «Амал келді — жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Концерттік бағдарлама «Көрісу» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды әз Наурыздың жаршысы — Көрісу күнімен құттықтады.

— Біз үшін бүгін ерекше күн! Бұл күні тек көктеммен бірге тіршілік оянып қана қоймай, қыстан аман шыққан халық ағайынның амандығын біледі. Сондай-ақ, пендешілікке салынып араздасқан жандар кешірімдесіп, татуласатын күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, өркениеті дамыған елдердің мәдениеті араласқанда өзіміздің мәдени құндылықтарымызды жоғалтып алмай, берік болуымыз керек. Көрісу — ата-бабамыздан бойымызға біткен текті дәстүр. Оны ешқашан ұмытпай, жастарға дәріптеуіміз керек. Қадірлі ағайын! Көрісу күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді С.Шәпкенов.

Мерекелік шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театр әртістерінің өнерімен жалғасты. Олар көрісу салтын сахналап, сал-серілер өнерін ортаға салды. Жігіттер мен қыздар айтысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жас келіндер қонақтарға шашу шашты.