Шабыт алаңы - Mahambet-teatr.kz
03/10/2025

Шабыт алаңы

Қостанай қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған QITFEST халықаралық театр фестивалі өнер сүйер қауымды ерекше әсерге бөледі. Бұл ауқымды шараға Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Иран, Түркия және Грузия елдерінен келген 11 театр ұжымы мен кәсіби сыншылар қатысты. Көрермендер назарына 11 түрлі спектакль ұсынылды.
Фестивальдің басты мақсаты – әртүрлі мәдениеттердің тоғысуына, шығармашылық тәжірибе алмасуға және театр өнерінің дамуына жол ашу. QITFEST – сахна арқылы тіл табысқан халықтардың бірлігін паш еткен ерекше алаң.
Бұл айтулы шараға Атырау облысының Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры да өз үлесін қосты. 2 қазан күні қостанайлық көрермен назарына Рақымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» атты терең ойлы қойылымы ұсынылды. Спектакль көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер сыйлады.
Театр ұжымы қостанайлық көрерменмен сахнадағы әр сәттің қуанышын бірге бөлісіп, үлкен рухани байланыс орнатқанын атап өтті. Әсерлі кешке қолдау білдірген әрбір көрерменге алғыс білдіреміз.
QITFEST – театр арқылы достық пен ынтымақты нығайтып, өнердің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеген мерейлі мереке болды.