27 наурыз күні Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Халықаралық театр күніне арналған салтанатты мерекелік кеш өтті. Театрсүйер қауым мен өнер жанашырларын тоғыстырған кеш мазмұнды бағдарламасымен, ерекше атмосферасымен есте қалды.
Халықаралық театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының бастамасымен бекітілген. Содан бері бұл күн – әлем театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесіне айналып, өнердің маңызын айшықтайтын ерекше дата ретінде аталып келеді.
Салтанатты кеш аясында театр ұжымының бірқатар қызметкерлері марапатталды. Атырау облысы әкімі, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және салалық кәсіподақ ұйымы тарапынан да үздік қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Кеш барысында театрдың 88-маусымындағы жетістіктері де атап өтілді. Өткен маусымда ұжым халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындар иеленген. Бұл – театрдың кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сондай-ақ, дәстүрлі «Шынайы шымылдық» облыстық халық театрлары фестивалінің қорытындысы жарияланып, өңірдегі халық театрлары марапатталды. Аталған фестиваль биыл қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған қойылымдарымен ерекшеленді.
Мерекелік кеште театрдың серіктестері мен өнерге қолдау көрсетіп жүрген мекемелер де назардан тыс қалмай, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Кештің маңызды кульминациясы– «UZDIK 2026» ІІ театрішілік фестивалінің қорытындысы болды. Фестиваль аясында түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталып, ең басты марапат – «Үздік актер» және «Үздік актриса» атақтары табысталды.
Театр мерекесі барлық қатысушылардың ортақ қуанышына айналып, өнердің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Cоңғы жаңалықтар