ТЕАТРДА ПРЕМЬЕРА: «АСАУҒА ТҰСАУ» - Mahambet-teatr.kz
21/11/2025

ТЕАТРДА ПРЕМЬЕРА: «АСАУҒА ТҰСАУ»

Атырауда әлемдік классиканың ең үздік туындыларының бірі — «Асауға тұсау» комедиясының премьерасы өтті. Көрерменге жақсы таныс Уильям Шекспир шығармасы заманауи режиссурамен, ұлттық нақышпен және терең психологиялық интерпретациямен сахналанып, көркемдік жағынан жаңа тыныс алды.

Қойылымның режиссеры — Гүлназ Қамысбаева, сценографы Тимур Коесов, қоюшы-хореографы Шырын Мустафина, хореографы Анар Есенғалиева, ал музыкалық әрлеуі композитор Рафхат Құлбараққа тиесілі. Шығармашыл топ спектакльді жаңаша көзқараспен түйіндеп, классикалық мәтіннің мәнін заманауи аудиторияға жақындата білді.

Комедияның негізгі желісі — Баптиста атты бай әкенің екі қызы: инабатты да ерке Бьянка мен мінезі тік, еркін ойлы Катаринаның тағдыры төңірегінде өрбиді. Әкенің жоспары — оларды дәулетті, текті отбасыларға ұзату. Алайда қос бойжеткен әке шешіміне мойынсұнбай, жүректерінің қалауына еріп, өз бақыты үшін күреседі.

Премьера көрерменін күлкі мен ойға жетелеген, шынайы махаббат пен отбасы құндылығы қатар өрілген көркем оқиғамен баурады. Сатиралық элементтер мен динамикалық хореография көрермен эмоциясын үдетіп, спектакльге өзіндік реңк берді.

Театр сахнасында өткен бұл премьера — классикалық шығарманың уақытпен үндесіп, жаңа буын жүрегіне жол таба алатынын дәлелдеген жарқын оқиға болды.