8-9 шілде күндері Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының сахнасында Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» атты мелодрамасының премьерасы өтті. Осы қойылыммен театр ұжымы 87-маусымын салтанатты түрде қорытындылады.
«Кездесу мен қоштасу» — махаббат пен өкініш, үміт пен үнсіздік қатар өрілген, жүрекке жылу беріп, жанды толқытатын ерекше шығарма. Өмірдің күрделі сұрақтарына жауап іздеген қойылым көрермен көңілінен шығып, шынайы эмоцияға бөледі.
Қойылымның қоюшы режиссері — Жанат Телтаев. Ол спектакльге заманауи көркемдік шешімдер енгізе отырып, көрермен мен сахна арасындағы сезімдік байланысты тереңдете түсті.
Пьесада адамдардың өмір жолындағы маңызды сәттері — алғашқы махаббат, қоштасу, өкініш пен кешірім – шебер суреттелген. Кездесу мен қоштасудың арасындағы бір ғана сәттің қадірі мен маңызын көрермен жан-тәнімен сезіне алды.
Кештің атмосферасын театр әртістерінің кәсіби ойыны, сахналық декорациялар мен жарықтық шешімдер толықтыра түсті. Қойылым соңында көрермен ұзақ уақыт қол соғып, шығармашылық ұжымға зор алғысын білдірді.
Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығарылып, театр жанкүйерлері спектакльге ерекше қызығушылық танытты.
Театр ұжымы алдағы маусымда да осындай терең әрі әсерлі қойылымдармен көрерменін қуантуды жоспарлап отыр.
Cоңғы жаңалықтар