Театр тарихы - Mahambet-teatr.kz

Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының тарихы.

            Махамбет атындағы қазақ драма театры 1938 жылы 5 наурызда Халық Комиссариатының қаулысы негізінде құрылған. Гурьев қаласының “Нефтяник” клубының жанынан 1 жылдық театр студиясын бітірген (олардың ішінде Қуат Төлеков, Шашты Жұмабекова, Айтжан Есенбаев, Оңай Жақсыбаев, Құрманғали Доғалақов, Әбіл Қизатов, Мария Тұралиева, Балым Есенбаева, Қайыржан Имашев, Меңдеш Есенбаев және т.б. да бар) және Қызылжар (Петоропавловск) қаласындағы таратылған облыстық қазақ драма театрын Гурьев театрына қосты. Міне, сүйтіп, қала жұртшылығына тұңғыш сахна шымылдығы ашып Мұхтар Әуезовтің “Түнгі сарын” қойылымы қойылған. Бұдан кейін Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, М.Әуезовтың “Айман — Шолпан”, Мольердің “Сканеннің айласы”, Гогольдің “Ревизоры”, Гогольдің “Екі мырзаға бір қызметші” қойылымдарымен әртістерді көрерменге таныстырып олардың творчестволық бағыттары айқындала берді. Тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға кеткен (25) ерлердің орнын жоқтатпай Зарипа Сүлейменова, Алма Ахметова, Жамила Ибрагимовалар басқарған үш бригадаға бөлініп колхоз-совхоздармен аудан орталықтарында, мұнай промысылдарында, балықшылар алдында концерттер бұрынғы қойылған спектакльдерден үзінділер көрсетіп, халықтың рухын көтеріп отырды.

            Соғыстың кейінгі жылдарында театр және драматургия сапасын жақсарту мен творчествалық мүмкіндіктерді көтеру мақсатында 1948 жылы Орал қаласындағы қазақтың музыкалық комидия театры Гурьевтіктерге келіп қосылды. Ол театрдан Т.Ерғалиев, Ш.Оразғалиев, А.Ақжарова, Қ.Жумаева, жас таланттар А.Айтқалиев, К.Иманғалиев, Ғ.Үмбетов театрдың бас режиссері Н.В.Молчанов т.б. қызметкерлер театр коллективімен бірігіп енді “Гурьев музыкалық драма театры” болып атанды. Бұл жылдардан бастап сахнада музыкалық драмалар, оперетталар қойыла бастады. М.Ақынжановтың “Алтын сахасы”, Гогольдің “Ревизоры”, Типоттың “Малиновкадағы той”, Ғ.Мүсіреповтың “Қыз жібегі” мен “Ертарғыны” және “Роз Марии”, “Шалқыған теңіз” опереттасы спектакльдер болған.

            Театр ұжымы өздерінің шеберліктерін арттыру жолында көп ізденіп үйрену нәтижесінде елеулі табыстарға жетті. 1950-1960 жылдар аралығында қойылған “Абай”, “Үйлену”, “Амангелді”, “Асауға тұсау”, “Ыбырай Алтынсарин”, “Абай” пастановкалары актерлардың шеберліктерін меңгеруге көп септігін тигізді.

            1956-1957 жылдар Алматыда өткен алғашқы Республикалық театр көктемінде Ташкент театр институтының түлегі, театрдың бас режиссері Т.Дүйсебаев қойған С.Мұқановтың “Ботагөзі” ҚазССР — нің мәдениет министірлігінің сыйлығын алды.

            Астанаға көрсетуге Ә.Тәжібаевтың “Көңілдестер”, Б.Малиннің “Шұға, Б.Қорқытовтың “Асыл жандар”, М.Ақынжановтың “Исатай — Махамбет”, Шилелердің “Зұлымдық пен Махамбет” қойлымдарын көрушілер қауымы жылы қарсы алды. Әсіресе “Көңілдестер” (режиссері Қ.Доғалақов) қойлымы жоғары бағаланып, замандасымыздың бейнесін жасауы театрдың көрнекті табысы болды. Творчестволық ізденістің нәтижесінде Қ.Төлеков пен З.Сүлейменоваға Халық артісі, А.Ахметова, Ж.Манаповаға, Қ.Иманғалиеваға, Ы.Иманкуловтарға Республикаға еңбегі сіңген артистер деген құрметті атақ және бірінші дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Бір топ артистердің Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградталуы театрдың келбеті, творчестволық жолының дұрыс бағытпен келе жатқанын көрсетті.

            1975 жылы театр жаңа үйге көшірілді. Бұл жаңа ғимарат өнер ұжымының творчестволық мүмкіндіктерді кеңейтті.

            1994 жылы біздің театр коллективінің бұрыңғы өзіннің творчестволық басымдылығымен бүкіл Республикалық Жезқазған қаласында өткен С.Сейфуллиннің 100 жылдық той мерекесінің театрлар сайысының жеңімпазы болды. Онда Қ.Мырзаәлиевтің “Жаралы жолбарыс” қойылымы І орын және Баймағамбет бейнесін сомдаған артис Т.Қуанышев Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген артисі, қоюшы режиссері Ш.Кәрібаев Махамбет атындағы сыйлықтың иегері атанды және “Жаралы жолбарыс” қойылымы Егепитің Мысыр қаласына жолдама алды.

            Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жылдығына арналған қазақстан театрларының ІХ фестивалінде, Алматы Петропавл қалаларынан өзіміздің облыс орталығында Мұнайдың 100 жылдығында бүкіл шет елдік қонақтарға сый ретінде қойылған Республика бойынша алғаш рет Р.Отарбаевтың “Бейбарыс” қойылымы (Режиссері Ч.Зұлқаш) театрлар арасында үлкен өнер табысы болды.
ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбет бабамыздың 200 жылдық тойына драматург С.Назарбекұлының “Махамбеттің бір күні” атты үлкен қойылым (режиссері Ч.Зұлқаш) табысты болды.

            2008 жылы Қазақстан театрларының ХІV – Республикалық фестивалінде М.Әуезовтың «Қаракөз» драмасы (режиссері Н.Жұманиязов) дипломант атанып, театр актеры Сәбит Қожабеков ең үздік 2 – пландағы ер адам бейнесі үшін дипломмен марапатталды.

            2010 жылы Тараз қаласында өткен Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналған Республикалық театрлар фестивалінде Мұқанғали Томановтың «Сыйланбаған сезім» лирикалық мұңды қойылымымен қатынасып «Көрермен көз айымы» жүлдесін жеңіп алды.

            2012 жылы Орал қаласында өткізілген А.Мамбетовтың 80-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестиваліне қатынасты.

            2013 жылы Орал қаласында өткізілген Батыс аймақтық театрлар фестивалінде Ұ.Жөкенов, А.Ихсанов «Қарақшы малайлар» — драмасымен қатынасып, театр актрисасы Л.Апанаева «Үздік дебют» атағымен марапатталды.

            2015 жылы облысымызда өткізілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінен ІІ- орын жеңіп алды.

            2016 жыл «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА» арналған Қазақстан драма театрларының ХХІV-Республикалық фестиваліне қатысып қоюшы режиссер Қамысбаева Гүлназ «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.

            Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың ІІ — Халықаралық театр фестивалінен қатынасушы.

            2017 жыл Мемлекетік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын, драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) шығармаларын насихаттауға арналған «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты Республикалық театрлар фестиваліне қатынасушы.

            РФ Крым республикасы, Керчь қаласында өткізілген ХІХ ежелгі өнер «Боспорские огоны» атты халықаралық театрлар фестиваліне қатынасушы.
2017 жылдың маусым айында театр ұжымы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты антикалық өнердің ХІХ Халықаралық фестивалінде қатынасып, «Современное прочтение античной темы» номинациясын иеленді.

2017 жылы Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын- драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АДАМЫ» республикалық театрлар фестивалінде «Көрермен көз айымы» номинациясымен марапатталды.

            2017 жыл — Жас режиссерлердің Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық форум – фестиваліне театр Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасымен қатынасып, қоюшы режиссер Қамысбаева Гүлназ І-орынды иеленді.

            2017 жыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXV республикалық фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» драмасымен қатынасып «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.

            2018 жылы театр басшысы Джаменов Берік «Сахнагер -2018» ұлттық театр сыйлығының «Үздік менеджер» номинациясын жеңіп алды.

            2018 жылы театр актеры Мусагалиев Аскат «Сахнагер — 2018» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2018 жылғы 13 ақпандағы №52 қаулысымен театрымызға Академиялық атақ беріліп, мекеме атауы Облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорныны болып өзгертілді.

            2019 жыл Қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – «Жастар жылы» — деп жариялаған болатын. Осы орайда Атырау облысының әкімдігінің қолдауымен Облыстық Махамбет атындағы Акалдемиялық қазақ драма театры жанынан «Жастар театры» құрылды.
Жастар театры 2019 жылдың 11-13 желтоқсан күндер аралығында Испания Корольдігінің, Льорет – де- Мар қаласында өткен «Theatrical Talents» халықаралық фестивалінде «Бас жүлдені» иеленді.

            2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «ІІІ — Республикалық театр фестивалінде» театр Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен (қоюшы режиссері М.Томанов) қатынасып «Бас жүлдені» иеленді

            2021 жылғы маусым айының 10-18 күндері аралығындағы РФ Крым Республикасы Керчь қаласындағы ХIХ ежелгі өнер «Боспорские агоны» атты халықаралық театрлар фестивльіне Бернард Шоудың «Клеопатра» драмасымен қатынасып Бас жүлдені жеңіп алды және театр актрисасы Кукатов Гайни «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен марапатталды.

            2021 жылдың 27 маусым мен 4 шілде аралығындағы Түркия Республикасы, Анталия қаласындағы өткізілетін «ХІ Antalya Uluslararasi» атты түркі тілдес елдердің театр фестивліне Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатынасып «Ең үздік спектакль» номинациясын жеңіп алды.
2023 жыл Ақмола облысы, Көкшетау қаласында өткізілетін «ТеАRT-Кокше» театрлар фестиваліне Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатынасып «Алтын бүркіт» — бас жүлдені жеңіп алды.

            2023 жылы ХІХ ғасырдың ең көрнекті ақыны, жалынды жырау, жалаугер батыр, күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына арналған республикалық театрлар фестивалінде — Т.Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» драмасымен қатынасып бас жүлдені иеленді.

            2023 жыл Мысыр елінің астанасы Каир қаласында даңқты қолбасшы, сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық деңгейдегі іс-шаралар аясында Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Қайрат Лама Шарифтің арнайы шақыртуына орай, Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» тарихи драмасымен қатысты.

2024 жыл Ресей Федерациясының Санк – Петербург қаласында өткізілетін А.Брянцев атындағы Жас көрермен театрының 25 – ші халықаралық театрлар фестиваліне арнайы шақыртуымен Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатынасты.

            2025 жылы 12–17 қыркүйек, Жезқазған қаласы Жанат Хаджиев атындағы Халықаралық театрлар фестиваліне А. Дәулетбаеваның «Толқындар жағада өледі» драмасымен қатысып, «Қазіргі кезең проблемасына заманауи көзқарасы үшін» номинациясымен марапатталды.

            2025 жылы 21–25 қыркүйек, Ақтау қаласы III Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестиваліне Р. Отарбаевтың «Бейбарыс» әфсанасымен арнайы қонақ ретінде қатысты.

            2025 жылы 1–6 қазан, Қостанай қаласы QITFEST (Qostanay International Theatre Festival Laboratory) халықаралық фестиваліне Р. Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасымен қатысып, ІІІ орын иеленді.

            2025 жылы 21–25 қазан, Жамбыл облысы Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» драмасымен қатысып, актриса Шакизада Күзембай «Үміт» номинациясымен марапатталды.